
– Сіз негізі мектеп бітірген соң төрт жыл оқуға түсе алмапсыз. Содан кейінгі төрт жылыңыз да жұмыс сияқты әрі-сәрі тіршіліктермен өтіп кеткен сыңайлы. Дипломсыз-ақ көптеген дипломы барлардың алдын орап кеттіңіз. Мұның сыры неде?
– Академияға оқуға түсіп қалатын шығармын деген ойдамын. Актерлықты оқу өте қиын. Таңертең сағат 8-де кіресің, кешкі 7-де шығасың. Мен негізі Орал мемлекеттік университетінде екі жыл оқығанмын. Ол кезде үйленіп қойғанмын, сабақ оқуға уақыт бола бермейді деген сияқты. Кешкірім тойға кетесің дегендей, жасыратын несі бар? Бір күні қашып, бір күні сұранып, әйтеуір, мұғалімдерден жасырынып жүргенің. Содан мен оқитын Оралдағы оқу орнының басшылығы «сен бір жағына шықсай, біресе КВН дейсің, бірде той деп жүргенің» деп бірауыз құлаққағыс етті. «Әлі жаспын ғой, кейінірек келіп, жалғастырармын» деп өзім құжаттарымды алып кеттім. Ол кезде, шыны керек, оқу дегенді керек қылмадық. Мәскеуде КВН ойындарын ойнап жүргенде, шығар шыңның ең биігінде жүр екенмін деп ойладым. Уақыт-диірмен айналып-айналып, бізді осы күнге алып келген екен. Енді келіп дипломның да, басқаның да керек екенін ұғынып жатырмыз. Ештен кеш жақсы. Қазір Көкшетау мемлекеттік университетінің туризм факультетінде сырттай оқып жатырмын. Ең бірінші жұмыс істеп бастағаным Батыс Қазақстан облысы, Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияда жұмыс істедім. 2000 жылы Орал қаласына, сосын «Шабыт» фестивалімен Астанаға келдім. Сөйтіп, Астананың мемлекеттік филармониясына жұмысқа орналастым. 2000 жылдан 2010 жылға дейін сол жерде жұмыс істеп келдім. 2011 жылы «Базар жоқ» театры құрылды. – Бір басылымнан сіздің ең қымбат асаба екеніңізді көзіміз шалып қалып еді. Бұл өнеріңіз негізгі жұмысыңызға, яғни, актерлығыңызға кедергі жасамайды ма? – Кезінде ақын-сазгерлердің өлең, ән жазуы онша көп болмаған. Өйткені, ол кезде той да некен-саяқ болатын. Қазір солардың барлығының икемі тойға тартып тұрады. Айналып келгенде, эстрада өкілдері не үшін бейнебаян түсіреді дейсіз? Танымал болу үшін, сол танымалдылығы арқылы тойға шығу үшін. Көп журналистер осы мәселені тақырып етіп көтеріп жатады. Бірақ, менің ойымша, бағзы замандарда да сал-серілеріміз ел-елді аралап сауық-сайран құрған ғой. Сондықтан, той маған ешқандай да кедергісін келтірмейді. Керісінше, көп әзілдерімді тойда тексеріп аламын. Бір күні бір сөз қосып, келесі күні тағы екі сөз қосып, өсіріп, дамытып, пісіріп сахнаға алып шығып жатамыз. Өзімді қымбат асабамын деп айтпаймын. Халқым өзі қымбаттатып қойған шығар. Мен ешқашан «пәленбай бересіз» деп айтқан емеспін. Өздері қоңырау шалып, «сізді 3000-5000 алады дейді ғой» деп тұрған соң, келісемін (күліп). Кейде өзім де таңғалып қаламын. Қазір осындай тойдың ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысатын агенстволар көп. Олардың әрқайсысы әр түрлі бағаны айтады. Жалпы, бағам 3000 АҚШ доллары, Астанада 2 мың доллар деген сияқты. – «Әзілдерімді той үстінде дамытып, әбден пісіріп аламын» деп қалдыңыз. Демек, тойда көп жүресіз. Қазақтың тойы бірсыдырғы болып кеткен жоқ па? Халық тойдан шаршаған сияқты ма? – Соңғы кездері тойды кей бауырларымыз шоу қылып жіберді. Той той секілді, бір-екі әнін айтып, тілегін жеткізіп қайтуы керек. Біреулер «жастар тұрмай-ақ қойсын, жар-жар айтылмай-ақ қойсын» деп жатады. Маған бір тойда той иесінің «Давай, вот этот «бир салем» уберем, а?!» деп те айтқан кездері болған. Барлық тойда солай қайталанатыны үшін «сәлем салу» дәстүрінен оп-оңай қол үзе салмақ. Сонда оның дәстүр екенін білмей тұр ғой ол бейбақ. Солтүстік Қазақстандағы тойлардың кереметтігі, олар ешқандай да әртістер шақырмайды, өздері билеп, ән айтады. Былайша айтқанда, тойдың көркі – жиналған қауым. Мен сондай тойларды көріп таңғалғанмын. Барлығы белсенді. Сынап та келмейді, мінеп те көрмейді. Біз енді әбден психолог болып қалғанбыз ғой. Қай қонақтың қалай келетіні көзге ұрып тұрады. Біреу сыйлап келеді. Біреулер барар-бармасын білмей зорға сүйретіліп келеді. Тіпті, мейрамхананың алдына келіп тұрып, «кірсек пе, кірмесек пе» деп тұратындары да бар. Келгеннен кейін отырамыз ба, отырмаймыз ба дейтіндері де кездеседі. Үстел басынан тұрып алып, билейік пе, билемейік пе деп ми қатыратындары да жоқ емес. Үстел басында отырып, күйеуі тойанаға 200 доллар десе, әйелі оны жақтыртпай, 300 долларды айтып, келіспей отыратындар да көп. Тойдың соңына дейін боламыз деп келетіндері ары кетсе, 10-ақ пайыз шығар. Бұның бәрі – қазақтың психологиясы. Ал қазақты тойсыз елестету қиын. Бізде қазіргі уақытта өзіміздікі деп жарияға жар салатындай ешнәрсе қалған жоқ. Өзіміздікі ғой деп жүрген «Қара жорға» биін де, қазақша күресімізді, қала берді қымызымызға дейін басқа ұлттар иеленіп алған. Ресейге сапарымның бірінде бір аты дардай азамат:– «Не, көңіл-күйің жоқ, Қазақстан тойға шақырмай қалды ма?»-деп әзілдегені бар. Мұның өзі қазақы тойдың туған халқымыздың бренді іспетті екенін айғақтайтындай. Бізде дүние де, мүлік те бар. Бірақ, соны қайда шашатынымызды білмейтін халықпыз. Біздің қазақта «өмір бойы балалар деп, ұрпақ үшін тыраштандық қой. Мұның бәрін өзімізбен бірге ана жаққа алып кетпейміз ғой» дейтін, екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін кеңқолтың, кеңжүрек мінез бар. Сондықтан да, мен тойда жүргеніме, той жүргізіп жүргеніме ешқандай да намыстанбаймын. Өзің сияқты бір қазақтың қуанышына ортақтасып, көңілін аспанға бір-ақ шығарған керемет емес пе?! Біреулер «мен тойға шықпаймын» деп сызылады. Өйткені, оны шақырмайды. Шақырса, шығар еді. – Жалпы, сіздің мысалдарыңызда «менің бала кезімде» деген сияқты интерпретациялар бар. Сіздің әзілдеріңіздің өз өміріңізден алынғандары бар ма? – Алынғандары да, алынбағандары да бар. Мысалы үшін, баланы дастарханның басына жақындатпау. Ол енді әр қазақтың баласының басынан өтетін нәрсе ғой. Мұны мен не үшін айтамын. Бұл сатыдан өтпегендер де бар. Қаланың асфальтінде өскен адамдар оның не екенін де білмеуі мүмкін. Шындығына келгенде, біздің өмірімізде сондай жәйттер көп орын алады. Тек қара нан мен қара шәйді талғажау еткен күндер де болған. Қант дегенді бертін келе, 2000-шы жылдардан былай қарай білдік. Астанада ЕЫҚҰ-ның саммиті болған кезде, барлығымызды үйімізден шығармады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Алдында концерттерімнің бірінде:–«Бесікті мен тербетемін, мен тербетемін» деп таласамыз. Алайда, біз әлі бесікте жатқан халықпыз. Бізді тербететіндер анау Ресейде отыр. Емшек сұрап жылаған кезде келіп, бір тербетіп, алдаусыратып кетеді», -деп әзілімнің ішіне қоюлатып қосқан болатынмын. Бірақ, ол, әрине, эфирден кетпеді. Арнаның басшылары ондай зілді, өткір әзілдерді қиып тастайды. Алға қарай ұмтылып, көкке қол созғың келеді, бірақ, тағы да бір күштер шалбарыңның балағына жабысып, адымыңды ары аштыртпайды. Мені көбінесе осындай ошақ қасындағы, тұрмыстық әзілдерді ғана айтады деп кінәлайтындар да бар. Бірақ, мен «күпі киген қазақтың қара әзілін, шекпен жауып өзіне қайтарғым келеді». Әр көрерменнің деңгейі әрқалай. Мен әзілдерімді екі мағынада жеткіземі. Көп ағайын оның бірінші, жеңіл мағынасын ұғады да, тереңіне бойлай бермейді. – Бастан-аяқ оқып шыққан кітабыңыз, ол – «Менің атым – Қожа» екен. Сіз өз сөзіңізде момындау бала болдым дейсіз. Бірақ, сіз көбіне-көп сол шығармадағы Қара Көженің образындағы бала болған сияқты көрінесіз де тұрасыз. – Мен жастар арасында 100 метрге жүгіруден шебер атанғанмын. Бала кезімдегі бар ерлігім осы шығар. Көп адамдар тез сөйлегеніме қарап, кішкентай кезінде есерсоқтау, еті тірі болған шығар деп ойлайды. Мен тұратын Ақпәтер деген ауылдың халқының бәрі осылай тез сөйлейді. Мен қайта анық сөйлеймін ғой. Біздің жақ сөйлеген кезде не деп жатқанын ұқпай қаласың. Мен қайта Астана жаққа келіп, жай сөйлеп үйреніп жатырмын.Қазір ауылға барғанда, «кәдімгідей асықпай сөйлейтін болып қалыпсың ғой» деп күледі. Мен мектепте қалай тентек боламын?!Өзім алты баланың ішінде өссем. Үйдің екіншісімін. Әзілімде де айтамын ғой. Қазақ бірінші балаға дұрыс қарайды да, екіншіден бастап өздері өздерін тербетіп, өздері мектепке барып, өздері оқуға түсіп, қалаға келеді. «Бесікте жатырмыз» деген сөз негізі анамның айтқан «бесікте жатқан бала сияқты еді, қаладан бір-ақ шықты. Бірақ, маған әлі де бесікте жатқан сияқты» деген сөзінен шыққан. Себебі, үйде көрінбеймін ғой. Сондықтан, тентек болатындай жағдайым болмады. Әкем жүргізуші, анам мектепте еден жуушы болды. Анама көмектесіп, мектептің еденін жуып келетінбіз. Сөйтіп жүріп алты баланы аяғынан тұрғызыпты ғой. Қазір сол алтауы да өз алдына жеке шаңырақ. Құдайға шүкір, сол бейнеттерінің зейнетін беріп жатыр. Енді бастарын көтеріп, қонаққа барғанда «Тұрсынбектің папа-мамасы» деген қошаметке ие болып жатқанына өз басым шексіз қуанамын. Әке-шешеміз бізді көтерді, біз оларды көтеріп жатырмыз. Ең бастысы, адам баласының негізгі парызының бірі де сол ғой. Мектепте аяғымды сындырып алғанмын. Ауылда, білесіз ғой, машина өтіп кеткен кезде шаң бұрқ ете қалады. Сондай бір шаңның астында қалғанымда бір мотоциклдің қайдан шыға қалғанын. Бір нағашы ағам әзілдегендей, «ол мотоциклдің кінәсі жоқ. Айғайлап дауысын шығарып келе жатыр. Сен дыбысыңды шығармай келе жатқан соң...» деген сияқты. Мотоцикл қағып кетті. Аяғым сынды. Сонда әкеме риза болғаным, бір сынықшы апайға апарып, аяғымды қайта салғызған. Ол уақытта дәрігер қараған адамды сынықшы қарамайтын кереғар құбылыстар болатын. Әкем көлікке салып алып, Оралдағы үлкен бір сынықшы апайға алып барды. Сонда әлгі кісінің адамгершілігінің мықтылығы ғой, мен дәрігер үшін де емес, өзім үшін де емес, бала үшін салып беремін деді. Содан тоғызыншы сыныпта денешынықтырудан беретін ағайым күнде аяғымды шынықтырып отырды. Ауданнан, облыстан жүгіруден бірінші орын алып кеттім. Содан кейін 1998-99 жылдары спорт мектептерінің барлығы жабылып қалды ғой. Ал мен спортшы болуды армандайтынмын. Әкем «ауылда қырып кетеді, оданша осы сахнаңда жүре берші» деді. Онсыз да аяғың бір рет сынды. Екінші рет сынса жүре алмай қалуың бек мүмкін. Сол керек пе саған?» деген соң сахнада жүрдім. Дипломым жоқ. Атырауда Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияда жұмыс істейтін Донеділ Қажымов ағамыз дипломға да қарамастан, бірден жұмысқа алды. – Сіз ауылыңызда жүрген кезде екі жыл қатарынан шопан да болған екенсіз. Шопан Тұрсынбек әзіл-сықақшы Тұрсынбекті қалай тапты? – Қой баққаным бар, аттың үстінде жүргенім бар. Негізі, қазақ халқы жылқы малына жақынбыз ғой. Аттың үстінде жүрсең, небір ойлар, тың идеялар келеді басыңа. Сол кезде аттың үстінде жүріп ән айтатынмын. Мен ауылда кәдімгідей әнші болғанмын ғой. Ауылда жүрдім, оқу жоқ. Содан апамның бір шопан ағайындары бар. Өздеріне көмекші етіп шақырды. Бірінші күні жәй көмекші, екінші күні бас шопанның орынбасары, соңыра бас шопан болып кеткен жайымыз бар. 2000 жылы анама: «Өмір бақи малдың соңында жүрмеймін ғой. Мен кетемін қалаға!» дегенде, анам «ойбай, не істейсің қалада? Ауылда-ақ жүре бер. Анау пәленшенің қызы өзің сияқты өсіп, бой жетіп қалыпты» деп райымнан қайтарғысы келген (күліп). Ауылда жүріп, бір қызға қатты ғашық болдым. Жуырда ауылға сапарым түскенде сол қызды көрдім. Сонда өзіме «баяғыда талғамың осындай болған ба?» деп таңғалдым. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» еді ғой. Содан жүргізушілікті де көрдім. Тәп-тәуір жүргізсем керек. Ән айт деді. Ол кезде қалада мини-диск дегендердің енді шығып жатқан кезі. Мен шығып, «Көршінің қызы керемет еді!» деп шырқай жөнелдім. Сөйтсем, ол тойдың әні екен ол кезде. Қандай да бір жетпей жатқан тұстарымды елеместен, театрға алған Донеділ ағама мәңгі бақи ризамын. Кей кездері өмір болған соң, пенде болғаннан кейін «мынаның дипломы жоқ» деген қаңқу сөздер жаныма қатты тиіп кететін. Жақында бір әзіл-сықақ бағытындағы бағдарлама ашайық деп жатырмыз. Бізде қазір әзіл-сықақшы таңдайтын бағдарлама жоқ. Қазақтілді әзіл бағдарламаларының барлығы бірсарынды. Он шақты адам бар. Сол он адамды барлық арнадан көресің. Баяғы «Перекресток» сериалынан бастап қазіргі түрлі-түрлі кинолардың барлығында дерлік бір түрді көресің. Олар түспесе кино кино болмай қалатындай. Біздің «Базар жоқ» театры ашылғалы жер-жерден хабарласқандар өте көп. «Мен Аманғали сияқты малдың дауысын саламын» немесе «Мен Қанат сияқты қуатын едім», «Ерболат сияқты кемпір боламын» деген сияқты. Басында мән бермей, «иә, иә, хабарласамын» деп кейінге ысыра бердім. Жақында солардың санына қарасақ, 32-ге жетіпті. Бұл дегенің дайын тұрған бағдарлама ғой. 60-ты онға бөлеміз. Онды екіге бөлеміз. Сөйтіп-сөйтіп іріктеледі. Бұл бағдарламаны «Әзіл алаңы» деп атамақшымыз. Ширек финалға шыққан бесеуі театрға қабылданады. Ауыл-ауылдардағы тума таланттарды тартпақшымыз. Қаладағыларды көп қатыстырмай, ауылдағы ашылмай жатқан таланттардың қатысуымен кино да түсіруге болады, театр да ашуға болады. Алпысы бірдей атақты болып кетпесе де, алтауы ел аузына іліксе, қандай ғанибет?! Басты ұйымдастырушы өзім боламын. Сұхбаттасқан: Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
| < Алдыңғы | Келесі > |
|---|




















Comments
RSS