
Дүйім елді дүр сілкіндірген Жаңаөзен оқиғасына да бір ай толды. Қан төгіліп, бас жарылған тәртіпсіздікті әркім әрқалай, өресі жеткенше түсінді. Қайғылы оқиға орын алған соң, айдың -күннің аманында ұлтшыл, халықшыл көрінетін зиялы қауым мен айтыскер ақындардың дауысы естілмей қалды. Арагідік үн қосқандардың арасында Оралдық ақын Бауыржан Халиолла бар еді. Уытты сөздерімен ел көңілінен шыққан ақынға біраз сауал қойғанды жөн көрдік.
Бауыржан, елді қан жылатқан Жаңаөзен оқиғасының өткеніне де бір ай болыпты. Осы уақыт аралығында айтыс ақындары неге үнсіз қалды деген сұрақ туындайды. Жалпы айтыс ақындарының қолынан осындайда не келеді?
Тек менің емес, бар қазақтың жаны ауырды. Журналист әріптестерім «Ойбай, айтыс ақындары үнсіз жатыр!» деп жазыпты бір басылымда. Айтыс та айтты, бәрі де айтып жатыр, мен де айтып отырмын. Бірақ, біздің қолдан не келеді?! Бүкіл әлемде көтеріліс болды, бірақ біздің елде ғана оқ атылыпты... Сұмдық емес пе?! Тіпті, ертегінің өзі «сөйтіп екі жас мұратына жетіпті» деп аяқталады ғой...
Сайлау да әділ өтпеді. Билік Жаңаөзенге барлық жақсылықты үйіп-төгіп, болған оқиғаны ұмыттырмақшы. Қалай ойлайсыз, бұл қантөгіс ұмытыла ма?
Мен біраз адамды танимын. Соның бәрі ЖСДП-ға дауыс беріп еді. Әлде мен жындымын не болмаса Сайлау Орталығының басшысы жынды. Әйтеуір, «Нұр Отан» жеңіпті ғой. Мен ол «жағымды жаңалықты» кеше көршімнен естідім. Жалпы мен мұндай «балалардың» ойынына қатыспаймын. «Ойыннан от шығады».
Жаңаөзендегі қиын-қыстау кезде ақындар неге жиналып бармады? Халықтың аптығын басып, сабыр,а шақырмады? Мәселен, бәріміз зиялылар бармады деп сөгіп жатырмыз. Әлде ақындар зиялылар қатарына жатпайды ма?
Бармады деп кінә тақпаңыз. Атырауда Саадат деген ақын бар, Құлсары қаласында Салауат атты ақын бар. Бәріміз хабарласып, баруға бел будық. Бірақ, жолды жауып тастаған. Біз түгілі, Шахановтың өзін жолдан қайтарды.
Дегенмен, Жаңаөзен оқиғасында көз жұмған арыстардың қырқы болды. Сахнада көлік мініп қайту үшін барын салатын ақындар осы жолы Жаңаөзенде төбе көрсететін шығар...
Барады деп ойламаймын... Бізді, айтыс ақындарын билеп-төстеп отырған Жүрсін Ерман, «нұрланып» жүретін Мырзатай Жолдасбеков бар. Сондықтан да, айтыс ақындарының қимылдауы екіталай. Біз жалпы жалтақ халықпыз ғой. Күн шыққанға қуанамыз... Әйтпесе, «Нұрсыз» да таң атады ғой...
Ей, зымиян, «Нұротандық» сатқындар,
Жазығы жоқ елді неге аттыңдар?!
Жеті ай бойы жетім елге қайырылмай
Неге сонша зор күнәға баттыңдар?!
Кім соншама бұйрық берген төменге?!
Автоматтан оқ жаудырған өр елге?
Мен сенбеймін, бас изегіш сорлылар
Нұрекеңсіз қимылдайды дегенге.
Халық енді ұмыта ма бұл күнді?!
Шындық деді, шамырқанды, шыңғырды
Мәсімов жүр мұртын майлап мұнаймен
Құлыбаев елді неге құл қылды?!
Алты Алаштың не болады тағдыры,
Басыла ма өксігі мен зар мұңы
Зиялылар «зияндыға» айналды
Нұрсұлтанның артын жалап барлығы
Қашан қазақ жетер екен ақ таңға?!
Ақикөздер ардың жібін аттауда.
Сайқал билік сайлау сенің не теңің?
Адайларым ойбай салып жатқанда.
Беу, Жаңаөзен, даңқтысың, дарасың
Болашаққа пәк күйіңде барасың.
Сен – ҚАСҚЫРСЫҢ, қансыраған, ұлыған
Өз тілімен жазып алар жарасын!
| < Алдыңғы | Келесі > |
|---|



















Comments
RSS