
Империалистік саясат ұстанған бірнеше мемлекетте «Үлкен Орталық Азия» жоспары жазылып қойған. Бұл «Үлкен Таяу Шығыс» жоспарына сәйкестендіріліп жасалған. Шығыстағы «түрлі-түсті» көтерілістердің толқыны ерте ме, кеш пе біздің аймағымызға да жетеді. Тіпті, қазіргі күні оның ұшқындарын көріп те жүрміз. Саяси режим басшыларының ауысып, елдегі ахуалдың күрт төмендеуі бүгін болмаса ертең жүзеге асады. Орталық Азия алыбы Қазақстанда ол басталып та кетті. Енді Тәжікстан мен Өзбекстанда жалғасуы мүмкін.
Жоспар бойынша Орталық Азия алдыңғы шептердің соңғысы болып есептеледі. Сол себепті, бұл жоспар аймақты толығымен әскери саясатқа бағындыру үшін құрылған. Бұл бірінші кезекте Ауғанстаннан АҚШ пен НАТО әскери күшінің шығарылуына және АҚШ пен Пәкістан арасындағы қақтығысқа байланысты. Жалпылай алғанда, Таяу Шығыс, Орталық Азия, Ресей және Еуропада орын алып жатқан оқиғалар «басқарылатын хаос» атты ғаламдық жобаның бір бөлігі.
Қазақстандағы Ливия сценариі
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оңайлықпен биліктен бас тартқысы келмейді. Сондықтан да, мұндағы баскөтерулер Ливия сценариі секілді өрбуде. Елдің өте үлкен территориясы мен ел халқының шашыраңқы орналасуы қазіргі билікті Қырғызстандағы секілді дереу отставкаға жіберуге кедергі келтіріп тұр. Митингілер мен баскөтерулер халқы тоқ, жағдайы жақсы Астанада емес, елдің шеткері, хал-күйі төмен аймақтарында орын алуда. Осыдан соң Қазақстан орталықсыздандырылып, шеткері аймақтар астанаға бағынбай қоюы мүмкін.
Бәрі терроризмнен басталды. Терроризмнің кең байтақ Қазақстанның басқа аймағында емес, мұнайға толы, Каспий теңізіне жақын өңірінде орын алуы да көп жайтты аңғартады. Қолдан жасалған анклав бірінші кезекте шетелдік инвесторларды үркітеді. Екіншіден, Қытайдың Қазақстан энергоресурсына қолжетімділігін азайтады. Үшіншіден, Ресей маңында тұрақсыз аймақ пайда болады. Төртіншіден, оңтүстік арқылы Ташкентке жол ашылады. Соңғысы әскери базаны орналастыру мәселесі жөнінен біраз мәселені шешіп береді.
Алайда, қайғылы оқиғаларға көз жұма қарамау керек. Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитарлық режимі мен кей аймақтардағы төмен әлеуметтік жағдайдың ролі жоғары болды. Билік қарсыластарын жақсы жауаппен қанағаттандыра алмағандықтан, бұл олқылықты сырттағы үшінші күштер пайдаланып, отқа май құйып отыр.
Менің ойымша, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып отырған шетелдегі Қазақстан оппозициясы. Бұған қылмыстық топтар мен түрлі кландардың қатысы бар екенін жоққа шығармау керек.
Қазақстан - өте бай ел. Үлкен территория, мұнай, табиғи байлықтар. Бұл факторлар, менің ойымша жағдайдың төмендеуіне әкеледі. Бұл дегеніңіз - Орталық Азиядағы экономикасы дамыған ең қуатты елдегі билікке талас күшейе түседі деген сөз. Қан төгілгені көп нәрсеге айғақ. Бұрын Қырғызстан билігі көп жағдайда оңтүстіктен қауіп күтсе, енді солтүстіктен де ызғар есетінін ұмытпауы тиіс.
Қырғызстандағы оқиға Қазақстанға сабақ болуы керек
Қазақстандағы ішкі саясаттың нашарлауы Қырғызстанға тікелей әсер етеді. Шекара ортақ болғаннан кейін, саяси-экономикалық жағдайларда екі ел бірі бірімен тығыз байланысты. Біріншіден, Қытай тауарларын Ресейге кері экспорттау Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Екіншіден, көптеген қырғыз азаматтары Қазақстанда мигрант атанып жүр. Үшіншіден, жанар-жағармай да бізге Қазақстан арқылы келеді. Бірақ, адами қасиеттер мен адамзат жағдайы әрқашан бірінші орында тұруы керек. Кез-келген тәртіпсіздік кезінде жастар мен бейбіт тұрғындар қаза табады. Әсіресе, жастарды маңызды құрал ретінде пайдаланатыны ақиқат. 2010 жылдың 7 сәуіріндегі жағдайды еске түсіріп көрелікші. Қаншама жан көз жұмып, қанша адам зардап шекті. Алайда, өзгерген бірнәрсе бар ма? Нәтиже қандай? Ешқандай. Саясатта сол баяғы тұлғалар. Билікті сол баяғы адамдар ұстап отыр. Бұл жағдайды Қазақстан қаперінде ұстауы керек. Қан төгілмесін! Таққа талас емес, елге идеология керек.
Қадыр Мәліков.
| < Алдыңғы | Келесі > |
|---|




















Comments
RSS