"БИЫЛ БИЛIК АУЫСАДЫ, БIРАҚ ТӨҢКЕРIС ЖОЛЫМЕН ЕМЕС...”
Қоянды қыр асырмай жатып-ақ қан-жоса еттiк. Қазақ бағзыдан Қояннан секем алатын. Олай болатыны адамды да, малды да қынадай қырған атақты жұттардың барлығы қоян жылы болған. “Қоян жылының кiруi мен шығуы қиын болады”, – деп отыратын атам марқұм. Бұл Қоян да сансыратып кiрiп, қансыратып шығып барады. Қаржы дағдарысынан шаршап-шалдығып кiргенбiз Қоян жылына. Ал шығуымыз...
Қоян жылы Қазақ ұлты үшiн де, қазақ билiгi үшiн де оңай жыл болған жоқ. Қазақ үшiн оңай болмады деуiмiздiң себебi – Жаңаөзенде билiктiң халыққа атқан әрбiр оғы барша қазақтың кеудесiне “зың-зың” етiп қадалып жатқандай әсер еттi. Билiкке оңай болмағаны – халыққа қарсы оқ атпай, қолын қандамай кете алмады...
Шығыс күнтiзбесi бойынша биылғы жылдың иесi – Қара аждаһа. Қара қытайлар Қара аждаһаны Құдай көредi. “Бiз үстемдiк құратын, бiз билiк ететiн жыл” деп ұғады. Қара аждаһа жылы келмей-ақ әлемге үстемдiк ете бастаған Қытай биыл қайтер екен? Iргеде иiрiлiп қана тыныш жата ма? Әлде бiз сияқтыларды бiр-ақ қарпып қылғыта ма?
Саясатқа болжам айтқыштар “биыл Қытай билiгiне қан уыстап туған адам басшы болады” деседi. Күзде болатын билiк ауысуын меңзегенi шығар. Қытайдың қазiргi басшысы Ху Цзиньтаоның орнына Си Цзиньпин келуi мүмкiн. Әрине, билiк ауысқан соң мемлекеттiк кеңестiң және қарулы күштердiң де басшылары ауысады. Саясаты да ауысады...
Қытайдың саясаты белгiлi ғой, көбiне мұрагерлiкке иек артады. Дэн Сяопиннен қалған сыртқы саясат принциптерi бар. Олар мынадай: салқынқандылықпен бақылау, позицияны күшейту, өтпелi кезеңде сенiмдi қимылдау, мүмкiндiктердi жасырып қалу, уақыттан ұту, бетегеден биiк, жусаннан аласа болу, ешқашан көшбасшы ретiнде көзге түспеу, тағысын-тағылар. Қытай өзiн әлi күнге дейiн “дамушы мемлекетпiз” деп есептейдi. Бетегеден биiк, жусаннан аласа болу деген осы емес пе?
Ал ендi Қытайда билiк ауысса, iргедегi Қазақ ұлтының жайы не болмақ? Қытай көп қатпарлы саясатын бiрден өзгерте қоймас, әрине. Дегенмен де жаңа басшы Ху Цзиньтаодан әбжiл қимылдауы мүмкiн ғой. Дэн Сяопиннiң “ешқашан көшбасшы ретiнде көзге түспе” деген тәмсiлiн жаңа билiк бұзса ше?
“Қан уыстап тууы” мүмкiн Си Цзиньпиннiң бас терiсiн сыпырып көрдiк. Оның жасы 59-да. Қатқан коммунист. Си Цзиньпиннiң саясаттағы соқпағы өзгелерден ерек емес. 2008 жылы Қытай төрағасының орынбасары болып сайланғаннан кейiн саясатпен белсендi айналыса бастаған ол аз уақыттың iшiнде бәрiн аузына қаратты. Си Цзиньпиннiң Мексикаға сапарында айтқан мына сөзiнен-ақ оның бар бiтiм-болмысы аңғарылып тұр: “Әбден тойынған шетелдiктердiң бiздi сұқ саусағымен нұқып көрсетуiне еш себеп жоқ. Бiрiншiден, Қытай төңкерiстi экспорттаушы емес. Екiншiден, аштық пен кедейлiктi де экспорттамайды. Үшiншiден, ешкiмге соқтықпаймыз. Ендеше, артық сөз айтудың қажетi қанша?”.
Әзiрге Қытай билiгiнiң мұрагерi Си Цзиньпин алақанын аша қойған жоқ. Бәлкiм, алақаны ашық, бәлкiм...
Қытайлар Қара аждаһамыз босағамызды аттады деп бөркiн аспанға атып жатса, Қазақ халқы үшiн Ұлу жылы әлi кiрген жоқ. 21 наурызда Қоян шыққан соң ғана Ұлу кiредi. Бiз, қазақтар Ұлу жылын “ұлы жыл”, “үлгiлi жыл” деймiз.
Айтпақшы, оңтүстiктегi аты өңiрге белгiлi бiр көрiпкел келiншектiң (аты-жөнiн әдейi айтпай отырмыз – Е.Р) саяси болжамын құлақ шалды. Бұған кезектi былжырақ деп мән бермей-ақ қоюға да болар едi, егер Жаңаөзендегi жағдай болмаса...
Әлгi келiншек бүй дептi: “Биылғы жылы билiк ауысады. Бiрақ төңкерiс жолымен емес, мұрагерлiк жолмен. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тақтан түскiсi жоқ. Бiрақ оның жүйкесi тозып, денсаулығы нашарлады... Билiкке келетiн адамның жас шамасы қырық пен елудiң ортасында...”.
Ол кiм болды екен, ә?..
Бұл e-mail спам-боттардан қорғалған, оны көру үшін сізде Javascript қосулы болу керек
Ерiк РАХЫМ
| < Алдыңғы | Келесі > |
|---|




















Comments
RSS