
«Алла тағала кәләм шәрифінде: «Пенделерім, егер сіздер нығметтің шүкіранасын орнына келтіре берсеңдер, мен сіздерге берген нығметтерімді артылта беремін!» – деп, уағда қылады. Мәснәуи Құдай Тәбәрәк екі періштені әдейі арнап, екі жұмыстың басына қойған. Бір періште қиямет қайымға шейін: «Құдая, кім де кімнің қолы ашық, береген болса, шыққанының есебін бер, кеткенін келтір, кемтігін толтыр!» – деп тұрады. Екінші періште қиямет қайымға шейін: «Құдая, кімде-кім бермейтұғын сараң болса, соныкін жоқ жерге шығар, ұрыға алдыр, ұрыға жық!» – деп тұрады. Шүкіршілік Бұл дүниеде патша-хазіретлерінің барлығын өз басында болған нығметлерден артық нығмет деп білуге керек. Не үшін десеңіз, патша хазретлерінің қол астында болумен әркімнің басы-малы, аман-есенлікте тұрады. Бұл бір зор нығмет патша хазіретлері арқылы бізге болып тұрған. Әркім өз үстінде қарап тұрған патшасына шын ниет, тілеулес болуы – ол һәм шүкірліктен саналады.«Сұлтан – Алла тағаланың көлеңкесі» – деп айтылған. «Құдай тағалада көлеңке болады» – демейді. Қағбатулланы «Бәйіт Алла» – деп атаған есепті. «Бәйіт Алла» – деуменен ол Құдайға үй болып, мекен болмайды. Шарапаты, құрметі басқа үйден артықлығын білдіру үшін, соның сықылды сұлтандардың шарапаты, құрметі басқалардан артық болғаннан, «Құдайдың көлеңкесі» – деп айтылады. Ол сұлтан болушының (болғушының) кім болғанымен жұмысыңыз болмасын! Мәснәуи Шариф айтқыл: «Ай, Мұхаммед мүліклерінің мәлігі – хұсайыны, Алла тағала кімді қуатласа, өзінің мүлкіне қожайын қылады. Олай болса, Құдірет өзі қалап бірсыпыра мүлкіне қожайын қылып қойған соң, біз сол патша хазіретлерінің қазылған жолында, шашылған топырағында болуды ұғар болсақ керек. Кеше он сегізінші ғасырдың әуелгі жағында қазақ уалаятында «Қоқан заманы» – деген заман болды. Сонда қазақта мақал болып қалды: «Ақ жалау барды малым бар деме, Ғазірайіл барда жаным бар деме» – деген сөз. Ол «Ақ жалау» деген Қоқан ханларының ел шабатұғын қосыны екен. Қоқан заманы қалып, заман император ағзам хазіретлеріне бізді бағындырғаннан бері жесір қатын, жетім бала малына ие болып, қазақ жұрты асын тынышлықпенен ішті. Үшінші шүкірлік – атаның қадірін, ананың құрметін орнына келтіруге шамамыз келгенінше сағиуа жытһат қылсақ керке. Бала ата-ананың қызметін парыз ғин деп білу керек. Ата-ана тірі болса, қызметінде болмақ. өлген болса дұға қылмақ уәжіп дүр. Ата-ана шүкіранасы мұныменен табылады. Төртінші шүкірлік – күндіз болса аспанда Күннің барлығына, түн болса Айдың жарықтылығына төрт аяқтыдан – адамға атты қанат орнына иесіне ерікті қылып бергенлігіне, қатынды ерге серік, басыбайлы жолдас қылып бергенлігіне, бұлардың өз алдына ғали хида шүкірлік қылу керек. «Ай мен Күндей, һаммаға бірдей» – деп айтылған себебі, басқа нығметтерден бұлардың баршаға пайдалы екенлігі мұғлұм. Қазақстаннан шыққан Жиренше шешен айтыпты: «Қазақ төрт нәрсенің атын білмей қойыпты. Бірі – ат. Аттың аты «ат» емес, «ер қанаты» деп қойылса, жарайды. Бірі – қатынның атын «қатын» деп білмей қойыпты. Қатынның аты «қатын» емес, «Тындым». Бұл «тындым» деген сөзде екі мағынасы бар. Бірі – қатын жақсы болып, жолықса, еркектің үйде шаруасы мен жұмысы болмайды, көңілі тынып, хатыр жимих отырады. Бір мағынасы – қатын жаман болып жолықса, өлтіре алмайды, сата алмайды, жөндеп жөнге сала алмайды. Ішінен тынады да отырады. Бірі – баланың атын білмей қойыпты. Баланың аты «бала» емес, «қайырған» қою жарайды. Бала ер жеткен соң, ата-ананы қайырып тастайтұғын болады. Бірі – келіннің атын білмей қойыпты. Келіннің атын «келін» демей, «айырған» қою жарайды. Келін келген соң-ақ ата-анадан баланы айыра бастайды. Бұрынғылар айтқан екен – еріксіз еңбекті «жалғыз» – деп. Оның мәнісі – ердің өзіне лайықты қатын жолықса, егіз болады екен. Қатын жаман болса, туысқан серігіне жарамас. Бала жаман болса, «еңбекті» – деп соны айтады екен. Еркек деген қатынсыз тұрған күнде бір жалаңаш кісі есепті. Қатын алды, киімді болды. Сол киім жақсы болса, жұртқа мұны жақсы көрсетпек. Сол киім жаман болса, жұртқа мұны жаман көрсетпек. Қатын жаман болған соң, бұ сорлы ағайынға да жаман, алашқа да жаман, туысқанға да жаман, балаға да жаман. Қатын жақсы болса, онда бұл көрінгеннің бәріне жақсы кісі болады. Жаман еркекті жақсы қатын түзейді, кісі қатарына қосады. Жаман қатынды жақсы еркек түзей алмайды. «Жақсымын» – деген еркекті жаман қатын бұзады. Осы сөзді (башлап) жазғаннан бері қарай есімнен адасқан жерім – дәл осы жер болды. Құдай оңғарайын деген пендесінің әуелі қатынын жақсы қылып, өзіне лайықты қылып жолықтырады. Онан кейін оның жолдасы да жақсы болып жолығады. Мұндай жан қараның ханы болып, дәурен сүреді. Қатын жаман болып жолықса, «Жалғанның тозығы де» де қой. Жақсы болып жолықса, қатыннан ілгері нығмет жоқ. Бұл сөзді бастап (башлап) сөйлегеннен мақсатымыз (мақсұтымыз) Құдай тағаланың құдіретін пенделеріне берген нығметін әбден танып, солардың шүкіранасын орынға келтіруге тырысу үшін. Алла тәбәрік отғылы он сегіз мың ғалам жаратты (иаратты). Оның ішінде адам жаратты. Барша жаратылмыш мақұлықатты адамға қызметкерлік қылуы үшін жаратты. Адамның фазылын (фазылтын), өмірін Қалам шәрифте неше жерде зікір қылды. Сондай ғазиз ұшырып жаратқан адамның зүряты біздер (биз-лер) өз қадірімізді өзіміз білмей, өзімізді өзіміз танымағанлықтан, аяқ астында қалып барамыз. Кел, қарындастар (қарындашлар), ғазиз ғұмырымызды биһуда орынға сарп қылмай, адам болуға тырысайық. Адамдық немен табылады, ғылым-біліммен табылады. Хадис Шариф: «Адамшылық сөз сөйлеуменен, сақал бар болғанменен, жан иесі болғанлықпенен емес. Тоты құс та сөйлейді, текеде де сақал бар, есекте де жан бар. Адамдық: өзінен басқаға пайда тигізуші болса, дін қарындасқа жуық, жатқа, ағайынға, Алашқа, бәріне бірдей пайдалы кісі болса, адам – сол. Дәнемеге пайдасы жоқ, бостан босқа аузын ашып, аңқиып жүретіндер көп болады. «Жаман адам жанға ортақ, Атаның жаман ұғлы малға ортақ» – деп сондайды айтады. Бұғыбай басшы айтқандай: «Мен жауыңды шауып беруші емес, жауға барар жолыңды тауып беруші», – дегендей, мен білдіруші емес, білемін деп талап қылушыға – білетұғын, үйрететұғын жол бар екенлігін айтып жатырмын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Көп томдық шығармалар жинағы 11-том, Алматы, «Ел-шежіре» 2010 жыл.
| < Алдыңғы | Келесі > |
|---|




















Comments
RSS