
Біздің еліміз, Қазақстан Республикасы, тәуелсіз мемлекет, «өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» (ҚР Конституциясы, 1-бап). Сондықтан да ол кезінде өз халқына қарсы жаппай репрессиялау саясатын жүргізген Кеңестік биліктің мұрагері бола алмайды.
Соған қарамастан, өкінішке орай, Кеңестік тоталитарлық жүйенің елімізде жүргізген қылмысты саясаты ғылыми негізде әрі тиесілі дәрежеде зерттеуге алынып, көпшілік қауымның назарына ұсынылмай келеді.
Оның басты себептерінің бірі бұл мәселені зерттеуге мүмкіндік беретін мұрағат қорларының, әсіресе, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті мұрағат қорларында сақталуы құжаттық материалдардың, зерттеушілер үшін әлі де болса жабық күйінде қалуы.Ия, рас, бұл ретте ҚР ҰҚК-інің Мұрағат басқармасы көпшіліктің тілегін қанағаттандыру мақсатында шектеулі дәрежеде болса да, зерттеушілерге өз есігін ашқанын жоққа шығару әділетсіздік болар еді. Дегенмен мұндай мүмкіндіктің соңғы жылдары мүлдем тарыла түскендігіне назар аудармасқа лажымыз жоқ.
Ендігі уақытта «құпия қорларға» байланысты жағдайдың күрделене түсетін түрі бар. Мәселен, мынада. Өткен 2011 жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласында болып өткен ТМД елдері саммитінен соң КСРО кезеңінде құпия деп танылған құжаттық материалдардың құпиялық дәрежесін қайта қарау жөнінде келісімшартқа Ресейден басқа Беларусь, Армения, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің қосылғандығы мәлім болып отыр. Спецслужбы РФ пытаются воспрепятствовать рассекречиванию архивов других стран? hro.org, 11/11/11 Бұл келісімшартқа Ресейдің ұсынысы бойынша басқа да ТМД елдерінің, мәселен, Қазақстанның қосылуы әбден мүмкін. Егер бұл жағдай шындыққа ұласса, онда таяу арада еліміздің кеңестік кезеңдегі қайғылы тарихын жазу қиялға айналмақ.
Ресей тарихшылары (мәселен, Никита Петров «Мемориал» қоғамынан) жоғарыда аталған құпия мұрағат қорларына қатысты келісім шартты «Мәскеудің советтік мұрағаттарға байланысты өз ұстанымын басқа да ТМД елдеріне таңу» әрекеті ретінде бағалауда. Бұл әбден орынды берілген баға. Мәскеу, белгілі себептерге байланысты, Кеңестік режимнің өз халқына, қазақ сияқты ұлттарға, миллиондаған кінәсіз жеке тұлғаларға жасаған шексіз көп қиянатын жария етуден жалтаратындығын байқатуда.
Кеңестік биліктің репрессия саясатына байланысты мұндай жабық ұстаным қоғамымыздың бүгінгі жағдайымен мүлдем үйлеспек емес. Бүгінгі қоғам өзінің өткен тарихына қатысты ащы шындықты үлкен парасат және сабырмен қабылдауға әзір, сондай-ақ оны білуге құқылы. Бұл ретте ол өзінің кемелдігін соңғы жиырма жылда әбден танытты да. Ал дәлелді де байсалды айтылған шындық халықты өсіреді, тәрбиелейді, оның патриоттық сезімін қалыптастырады. Міне, осы айтылған тұжырымдарға сүйене отырып біз:
- республикалық билік орындарын жоғарыда аталған ТМД көлеміндегі «мұрағаттық» келісімшартқа қосылмауға шақырамыз, өйткені Ресей тарапынан советтік мұрағат қорларына байланысты ұсынылып отырған «ортақ ұстаным» («единый подход») біржақты күні өткен империялық мүддеге ғана тиімді, ал біз үшін өткен тарихымызды, яғни кеңестік кезеңге тән тарихи шындықты мансұқ етумен тең;
- елімізде қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» (1998, 22 желтоқсан) және «Мемлекеттік құпиялар туралы» (1999, 15 қаңтар) ҚР Заңдық актілері бойынша «саяси, әлеуметтік және басқа себептермен жаппай қуғын-сүргін құрбандарына» қатысты материалдар зерттеушілерге берілуге тиіс. «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңның 17-бабының 7 тарауы бойынша жаппай қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар құпияға жатпайды.
Сондай-ақ біздің ҚР «Мемлекеттік құпия туралы» Заңының 20-бабының 3 тармағында көрсетілгендей отыз жылдық мерзімі өткен құжаттарды құпиясыздандыру туралы ұстанымының орындалуын талап етуге толық құқымыз бар;
- сондай-ақ советтік биліктің 1917-1918 жылдардан бергі кезеңдеріне қатысты мұрағаттық құжаттар сақтаулы Ішкі Істер Министрлігінің, Бас Прокуратураның және басқа мемлекеттік мекемелердің ведомстволық мұрағат қорларына зерттеушілер еліміздің мемлекеттік мұрағат қорларында орнатылған тәртіпті негізге ала отырып жұмыс істеуге қақылы екендігі заңдастырылуға тиісті;
- біз ғылым және мәдениет қайраткерлерін, бұқаралық ақпарат құралдарын діни конфессия қызметкерлерін мұрағат қорларында жабулы жатқан коммунистік кезеңнің құпияларымен қоғамды кеңірек таныстыру, мұрағаттардың жабық қорларын құпиясыздандыру, сондай-ақ отандық тарихнаманың советтік кезеңін объективті зерттеуге қажет жағдай туғызу ісіне мүмкін болғанша белсенді атсалысуға шақырамыз.
М. ҚОЙГЕЛДИЕВ,
Абай атындағы Казақ ұлттық
педагогикалық университетінің
«Қазақстан тарихы мен мәдениеті»
кафедрасының меңгерушісі, профессор
Т.ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің «Қазақстан тарихы»
кафедрасының меңгерушісі, профес
Айқын газеті
p
| < Алдыңғы | Келесі > |
|---|





















Comments
RSS feed for comments to this post